Математиктердің қалалық съезі
2022 жылдың 18 наурызында № 21 ЖББМ базасында математика пәні мұғалімдерінің қалалық съезі өтті.
Съезді Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Әділханқызы Уразбаева ашты. Гүлсім Әділханқызы өз баяндамасында математика пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктіліктері мен шеберлігі, оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктері туралы баяндаумен қатар, Қостанай қаласында математика пәнін оқытуға қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, съезге қатысушыларға өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп анықтауға шақырды.
Сонымен қатар съезд барысында пәнді оқыту саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланды. А. Байтұрсынова атындағы ҚМУ физика, математика және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы. Г. Б. Асқанбаева болашақ математика мұғалімдерін дайындау мен оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау жайлы сөз қозғады.
№ 23 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі К. М. Есенгулов өз баяндамасында жалпы математикалық білім беру мәселелеріне тоқталды.
Қостанай облысының математика мұғалімдері қауымдастығының жетекшісі, № 22 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Н. В. Станогина қатысушылардың назарына математика пәні мұғалімдерінің облыстық съезінің қорытындылары туралы ақпаратты жеткізді.
Съезд қала мектептеріндегі математика пәні мұғалімдері үшін сұқбат алаңына айналды. Сұхбат барысында педагогтар оздерін толғандырған сұрақтарды талқылады.
Пленарлық отырыстан кейін ұстаздар секциялар жұмысында маңызды мәселелерді талқылады.